2017 жылдың 28 ақпанында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрнекті суретші, график, мүсінші Баки Урманченің 120 жылдығына арналған көрме ашылды.
Баки Ыдырысұлы Урманче – татар бейнелеу өнерінің негізін қалаушы, бүгін де оны халықаралық деңгейдегі суретші деп айтуға әбден болады, өйткені 1941 жылдан 1958 жылға дейін Қазақстан мен Орта Азияда қызмет етіп, бейнелеу өнерінің дамуына зор үлес қосты.
Көрмеде Баки Урманченің «Ақын Балабектің портреті» (1942 ж.), «Амангелді штабының жанында» (1944 ж.), «Қызанақ жинау» (1944 ж.), «Қазақ КСР-нің халық артисі Хадиша Бөкееваның портреті» (1945 ж.), «Көктемгі Алматы» (1947 ж.) сияқты төлтума туындылары ұсынылды. Сонымен бірге суретшінің сомдаған Н.И. Крутильниковтың мүсіні (1953 ж.) қойылған.
Баки Ыдырысұлы Қазақстанның алғашқы суретшілерінің бірі Николай Иванович Крутильниковті өзінің досы әрі ұстазы санаған.
Қатысушылар алдында «Дуслык» татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Биктемиров Ринат Вальтайұлы, А. И. Никифоров атындағы көркемсурет мектебінің директоры Кузьменкова Татьяна Владимировна, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әкімбаева Үміт Бламбекқызы сөз сөйледі.
Іс-шараны «Дуслык» татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің өкілі сыйлаған тамаша ұлттық татар биі аяқтады.