Салт-дәстүр - әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. 20-шы қыркүйек күні Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақ қалқының салт-дәстүрлері: өткені мен бүгіні» атты интерактивті этнографиялық-танымдық жоба аясында «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым» атты дәстүрлі іс-шарасы өтті.
Қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін паш ететін, халқымыздың ежелгі әдет-ғұрыптарының қазіргі заманғы үйлесімін көрсетіп дәріптеуге, жастарды рухани тәрбиелеуге бағытталған іс-шара барысында қазақ халқының «Қызды оң босағаға отырғызу», «Құда түсу», «Босаға майлау», «Құрсақ тәрбиесі», «Бесікке салу» дәстүрлері көрсетілді.
Сонымен қатар музей қорында жинақталған этнографиялық және рухани мәдениетіміздің баға жетпес жәдігерлерінен көрмелер ұсынылып, халықтың өте ертеден келе жатқан қол өнері кілем тоқудан шеберлік сағаты өткізілді.
«Ақ Дариға» халық хоры әншілерінің орындаулары, облыстық филармонияның әншісі Айжан Санайдың әні, ақын Қыдырбек Қиысханның қобыз күйі, «Алтынай» би ансамблінің билері іс-шара көркін одан әрі ашты.