XXI ғасырда қағаз хаттар қажеттілігі азайып, ашық хаттар, құттықтаулар ғаламтор мүмкіндігін пайдаланып электронды түрде жіберіліп жатады. Әр мереке сайын достарымыз бен туыстарымызды құттықтап, ашық құттықтау хаттарын почта байланысы арқылы жіберу заман талабына еріп алшақтап барады.
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ретро саяхат» атты көрме ашылды. Көрмеге музейдің қор жиынтығынан 1920-1980-ші жылдардағы құттықтау және көркемдік ашық хаттар қойылған.
Барлық музейге келушілер көрмеден ескі әрі жанға жылы ашық хаттар түрлерін тамашалай алады. Құттықтау хаттарда бейнеленген Қарша қыз бен Аяз атаның, қонжықтар мен тиіндердің, қораздар мен пингвиндердің суреттері көңіл көтереді және «балалық шақтағы» мерекені еске салмай қоймайды.
Қаламыздың тұрғындары мен қонақтарын қанық және мәнерлі ашық хаттар әлеміне шақырамыз!