Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің бейнелеу өнері қоры ҚР Суретшілер одағының мүшесі, республикалық және шетелдік көрмелердің қатысушысы Ғани Баянның туындыларымен толықты. Қыл қалам шебері 2019 жылы салған «Жылы кеш» және 2020 жылы салған «Кесе ұстаған қыпшақ қызы» атты кескіндеме жұмыстарын музейге сыйға тартты.
Суретшінің қай жақта болмасын салынған жемісті шығармаларынан туған Қостанай жеріне деген жылулық сезіледі, туған өлкеге деген құрмет өнерге деген құлшынысын да арттыратыны байқалады.
Ғани Баянов жиырма бес жылдай акварельмен айналысып келеді. Акварель - кескіндемедегі ең бір күрделі де нәзік техника. Шебердің акварелі татулық пен тыныштыққа, көркемдік пен философиялық астарға толы.
Автордың көптеген еңбектерінде жан шуағының символы ретінде шамшырақ бейнесі орын алған. Әлем күннің немесе шамның жарығынан емес, адамдардың жан-дүниесінің жылуынан жарқын болатынын түсіндіруге деген ұмтылыс Ғани Баянның шығармашылық кредосына айналды. Өмір бойы ол оны растайды және адамдарға биік өнердің үйлесімін сыйлайды.
Біз үшін баға жетпес құнды дүние сыйлағаны үшін Ғайни Балмұқанұлына шексіз алғыс білдіреміз.