2017 жылдың 25 шілдесінде картина галереясында қостанайлық суретші - график, плакатшы Юрий Новоселовтың «Суретпен оңаша қалғанда» атты мерейтойлық дербес көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Көрмеде оның 50-ден астам жаңа шығармашылық жұмыстары - суреттер, этюдтер мен портреттер ұсынылды.
Юрий Новоселовтың шығармашылық өмірбаяны Төменгі Тагил қаласындағы Орал қолданбалы өнер училищесінен басталған. Ол 1979 жылдан бері Қостанайда тұрады және жұмыс істейді, осы жерде суретші - график, плакатшы болып қалыптасты. Юрий Новоселов ҚР суретшілерінің Қазақ көркемсурет қорының Қостанайдағы көркемсурет-өндірістік шеберханасында жұмыс істей жүріп, әр жылдары шығармашылық секция төрағасы, көркемдік кеңестің мүшесі және төрағасы, шеберхана директоры қызметтерін атқарған.
Халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық көрмелердің қатысушысы, дарынды суретші Юрий Дмитриевич Новоселовтың есімі өңірден тыс жерлерге жақсы таныс. Ол Алматы, Астана қалаларындағы көрмелерге, Ресей Федерациясы мен Польшада өткен халықаралық байқауларға Қостанайдың атынан қатысып, бірнеше рет марапат алған.
Атақты кескіндемеші, график, дизайнер, портретші және плакатшы Юрий Новоселов Меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының лауреаты. Оның «Қостанай жерінің мақтаныштары» сериясындағы портреттік жұмыстар топтамасын облыстың және бүкіл еліміздің тарихының алтын қорына енген Қостанай жерінің атақты тұлғалары – қоғамдық-саяси қайраткерлер, ақындар, жазушылар, Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері: Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мариям Хакімжанова, Кәмшат Дөненбаевалардың және т.б. тұлғалардың портреттері құрайды.
Юрий Новоселовтың «Суретпен оңаша қалғанда» атты мерейтойлық дербес көрмесі бір ай бойы жұмыс істейді.