Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Костанайский областной историко-краеведческий музей

Kostanay regional museum of local lore

+7 (7142) 50 - 03 - 89

+7 (7142) 50 - 11 - 13

Қостанай қ-сы
Алтынсарин көш. 115

«Мұражайдағы өнер түні» атты интерактивті жоба

20.05.2016
«Мұражайдағы өнер түні» атты интерактивті жоба

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы Халықаралық мұражай күнін Қостанай қаласының тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығатын «Мұражай түні» акциясымен атап өтті. 8 жыл бойы мұражай жаңа әріптестер мен достар тауып, келушілерге беймезгіл уақытта өз есігін ашты.

Биыл ИКОМ Консультативтік комитетінің шешімімен Халықаралық мұражай күнінің басты тақырыбына «Мұражай және мәдени ландшафтар» ұраны таңдалды. 2016 жылы 18 мамырда қостанайлықтар «Мұражайдағы өнер түні» іс-шарасына қатысып, қаланың мәдениет саласының сан алуандығы мен байлығына көз жеткізді.

20.00-ден – 23.00-ге дейін мұражайдың өнер алаңдары келушілерге жаңа көрме мен экспозицияны ұсынып қана қоймай, жандарына жақын өнер және шығармашылық адамдарымен рухани араласуға мүмкіндік берді.

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының сурет галереясында «Натюрморттың үнсіз ғұмыры» атты көркемсурет көрмесі ашылып, қостанайлық кескіндеме, графика, мүсін өнерінің саңлақтары мен жас суретшілер, әйнекке құммен сурет салатын «Золотой песок» студиясы, боди-арт және аквагрим шеберлері жұмыс істеді. Мұражай ғимаратының экспозициясында қостанайлық суретші-қолөнершілер мен хенд-мейд шеберлері бұйымдарының жәрмеңке саудасы өтті.

І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры, облыстық қуыршақтар театры, «На весу» ипровизация театры, «Галерка» театры - ЧелМУ Қостанай филиалы студенттерінің театр ұжымы және «Жаным» сән этно-театры көптеген көрермендерді кеш қарайғанға дейін театр өнерімен баурап алды.

Мерекеге қатысушыларды музыка, вокал, хореография өнерімен Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері А.Калугиннің вокалдық студиясының әншілері және өзге де қостанайлық әртістер тәнті етті.

«Арена дружбы» цирк ұжымының әртістері, сиқыршы Антон Вознесенский және Асан Таиралиев келушілерді цирк өнерімен қуантты.

Әдеби бірлестіктің мүшелері және Л.Толстой атындағы ОӘҒК қызметкерлерімен бірге қала тұрғындары мен қонақтары сүйікті өлеңдерін оқып, қостанайлық авторлардың жаңа туындыларымен танысты.

Қостанай кинобейнепрокатының мамандары мұражай қызметкерлерінің көмегімен 10-шы Музаның шынайы жанкүйерлеріне кино және теледидар өнерін ұсынды.

Бұл кеште ынта танытушылардың табиғат таңғажайыбын суретке түсіру өнерімен танысуына, тирде жаттығуына, аңшылық өнерді меңгеруіне мүмкіндік берілді.

Мұражай ауласында «Темір түмен» атты тарихи қайта жаңғырту клубының Қостанай бөлімшесінің өкілдері семсерлесудің рыцарлық жауынгерлік өнерін көрсетті.

Мұражай саябағына жиналғандарға алау жанында «Гитара по кругу» атты бард өлеңдерінің дәстүрлі концерті айрықша сүйіспеншілік туғызды.

Келушілер пісірілген нан өнімдері және балмен хош иісті шай ішіп, мұражай буфетінде отырып дем алды.