Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Костанайский областной историко-краеведческий музей

Kostanay regional museum of local lore

+7 (7142) 50 - 03 - 89

+7 (7142) 50 - 11 - 13

Қостанай қ-сы
Алтынсарин көш. 115

«Әлем суретші көзімен» - музейдің қор жиынтығынан суретші  Салихитдин Айтбаевтың 85 жылдығына арналған көрме.

15.02.2023
«Әлем суретші көзімен» - музейдің қор жиынтығынан суретші  Салихитдин Айтбаевтың 85 жылдығына арналған көрме.

2022 жылдың 15 ақпанында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Әлем суретші көзімен» атты музейдің қор жиынтығынан суретші  Салихитдин Айтбаевтың 85 жылдығына арналған көрме ашылды.

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «алпысыншы жылғылардың» ұлттық өнердегі ұрпағының көшбасшысы, кескіндемеші және график Салихитдин Айтбаев 1938 жылы 15 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келді.  1961 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген, Қазақстан өнерінің кемеңгерлері  Молдахмет Кенбаев пен Үкі Әжиевтен дәріс алған.   1965 жылдан Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Ленин комсомолы   сыйлығының иегері. Оның туындылары Луврда, Третьяков галереясында, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде және әлемнің басқа да музейлерінде сақталған.

Өзінің көркемдік әлемін, өзіндік стилін қалыптастыра білген Салихитдин Айтбаев кескіндемеде ерекше орын алады. Оның кескіндемелік туындыларына қарапайымдылық пен композициялық құрлымының айқындығы, негізгі түстердің басымдығы, сұлбалардың анықтығы тән. 

 

Салихитдин Айтбаевтың Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор жиынтығындағы «Жылқышының отбасы» және «Таудағы кеш» туындыларында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері бейнеленген. Қылқалам шебері өзіне тән өрнекті мәнерде көк-жасыл-сұр түстер аралас біршама қою түске қызыл және қызғылт сары теңбілдерді қоса отырып, туындыларды рухани дүниесімен нұрландыра білген.  Бұл сәуле жыл өткен сайын жарқырап, өнер сүйер қауымның жүрегіне орнығып, басқа суретшілердің шығармашылығында арта түсері анық.