2017 жылдың 21 қыркүйегінде Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Қазақ КСР-нің халық жазушысы, ақын, публицист, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сырбай Мәуленовтің 95 жылдығына арналған «Өлеңмен өрілген өмір» атты портрет-кеш өткізді.
С. Мәуленов - қырыққа жуық жыр жинақтарының авторы. Өлеңдері қазақ поэзиясының лирика жанрын дамытуға елеулі үлес ретінде қосылды. Шығармаларында туған жер, замандас және оның жасампаз еңбегі жарқын жырланады.
Қазақ әдебиетінің дамуына үлесін қосқан Сырбай Мәуленовтің еңбектері бірнеше мемлекеттік сыйлықтармен марапатталған. 1990ж 16 тамызда ҚазКСР Президиумы жарлығы бойынша «Қазақ КСР-нің Халық жазушысы» атағы берілді. Ақын есімімен Алматы, Қызылорда, Арқалық, Қостанай, туған жері Торғайда көше атаулары бар және Қостанай қаласындағы мектеп-гимназия ақын С.Мәуленов есімімен аталады. 1991 жылы 20 желтоқсанда Сырбай Мәуленовке «Қостанай қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
Кеш қонағы танымал қостанайлық ақын А.Қ Шаяхметов С.Мәуленовпен кездескен сәттері жайлы әңгімелеп, оның қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі туралы айтты, Сырбай Мәуленов атындағы мектеп- гимназияның оқушылары ақынның өлеңдерін оқыды. Портрет-кештің соңында «Жарқын бейне » атты құжатты фильм көрсетілді.