Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Костанайский областной историко-краеведческий музей

Kostanay regional museum of local lore

+7 (7142) 50 - 03 - 89

+7 (7142) 50 - 11 - 13

Қостанай қ-сы
Алтынсарин көш. 115

Халықаралық музей күніне арналған «Музей түні - 2022» интерактивті акциясы

20.05.2022
Халықаралық музей күніне арналған «Музей түні - 2022» интерактивті акциясы

18 мамыр - Халықаралық музей күні. Музейге күнделікті уақыттан тыс және үйреншікті емес жағдайда келуге мүмкіндік беретін «Музей түні» мәдени-білім беру акциясы әлемнің 150 елінде өткізіледі.

Биыл «Музей түні - 2022» Балалар жылы аясында өткізілді, сондықтан балалардың бағдарламалары, бастамалары мен идеяларын қолдауға, шығармашылық және интеллектуалдық дамуына көп көңіл бөлінді.

Музей түні акциясы ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Бұқар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер музейінің «Алаш арыстары Қостанай елінде» атты тақырыптық көрмесінің тұсаукесерінен басталды.

 Қостанайлықтар мен қала қонақтары музейдің қор жиынтығынан «Хотейден бақ қонсын», «Қобдишалар мен сандықтар әлемінде» атты жаңа көрмелерді, сондай-ақ Қостанай облысы полиция департаментінің ведомстволық музейінің қару-жарақ көрмесі мен музей қорынан «Аңшы дүкені» көрмесін тамашалап, мылтық пен қақпандарды ұстаудың қыр-сырын меңгере алды.

«Музей құпиялары» тарихи квестіне қатысушыларды көрме залдары мен аула бойынша қызықты саяхат, «Яушевтер сауда үйінде», «Шай ішу дәстүрлері», «Жанданған жәдігерлер» интерактивті бағдарламалары мен «Музей затының формуласы», «Кинокадрдан не жоғалып кетті?», «Мультфильмді дәйексөз арқылы табу» викториналары зерек қатысушыларды күтті.

Музей қонақтары қазақтың қонақжай киіз үйінде болып, қазақтың халықтық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері туралы терең ұғынып, көне ұлттық ойындар мен «Ақ дариға» фольклорлық ансамблінің, «Нұр Әуен» вокалдық студиясының этнобағдарламасына қатысты.

Осы ерекше кеште балалар мен ересектерді «Дәстүрлі садақ ату» клубының «Дәстүрлі садақ ату» көрсетілімдері, олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі спортшыларының күрес және бокстан шеберлік сағаттары, Виртуалды шындық аттракциондары, экзотикалық жануарлардың көрмесі ұмытылмас әсерге бөледі.

Облыстық қуыршақ театры әртістерінің қойылымы, әсерлі вокалдық және би бағдарламасы, «Большевичка» тігін фабрикасы мен «Liber World» балалар студиясы модельдерінің дефилесі, шеберлік сабақтар мен қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкелері, үй өсімдіктері, гүлдер мен кәдесыйлар және тағы басқа да шаралар біздің келушілерді асыға күтті.

 

Музей түнінің қонақтары үшін қосымша бонустар: балалар ойын алаңы, музей интерьеріндегі селфи және фотосессиялар, алау жанындағы дәстүрлі әндер, музей «трактирінде» шай ішу болды.