Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Костанайский областной историко-краеведческий музей

Kostanay regional museum of local lore

+7 (7142) 50 - 03 - 89

+7 (7142) 50 - 11 - 13

Қостанай қ-сы
Алтынсарин көш. 115

Көрнекті ғалым, саяхатшы, этнограф, фольклоршы, ағартушы Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған «Тарихи тұлға: Ш. Уәлихановтың ғылыми және рухани мұрасы» онлайн дөңгелек үстелі

29.09.2020
Көрнекті ғалым, саяхатшы, этнограф, фольклоршы, ағартушы Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына  арналған «Тарихи тұлға: Ш. Уәлихановтың ғылыми және рухани мұрасы» онлайн  дөңгелек үстелі

2020 жылдың 25 қыркүйегінде  Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы және Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі көрнекті ғалым, саяхатшы, этнограф, фольклоршы, ағартушы Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына  арналған «Тарихи тұлға: Ш. Уәлихановтың ғылыми және рухани мұрасы» онлайн дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараның мақсаты: Ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы рухани және ағарту саласын дамыту. Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасын насихаттау. Тарих және мәдениет ескерткіштерін әлемдік мәдени мұраның құрамдас бөлігі ретінде тиімді пайдалануды және қорғауды қамтамасыз ету.

Дөңгелек үстел жұмысына Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор, тарих ғылымдарының докторы З.Е. Қабылдинов; тарихшы, жазушы, ҚР ҰҚК запастағы полковнигі Б.Қ.Қыстаубаев; Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қ.Қ.Әбуев; Қырғыз Республикасынан Орта Азиядағы Америка университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ч.Д.Тұрдалиева; Мадрид университеті және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, шоқантанушы С.К.Өтениязов; А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы А.Күзембайұлы, профессор, философия ғылымдарының докторы С.Ә.Қолдыбаев, аға оқытушы А.Е.Ералина; Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Р.Н.Иманжүсіп; Семей қаласындағы Ф.М.Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық музейдің экскурсиялық-көпшілік бөлімінің меңгерушісі С.Н.Сексембаева, сонымен қатар өлкетанушылар, музейлердің, мәдениет және білім беру мекемелерінің қызметкерлері қатысты. Дөңгелек үстелді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, өлкетанушы Ақылбек Шаяхмет құттықтау сөзімен ашты.

Zoom платформасында өткен іс-шараға қатысушылар Ш. Уәлихановтың рухани мұрасы, ғылыми ізденістері, қоғамдық-саяси көзқарастары  жайында пікірлермен бөлісті.

«Шоқан Уәлихановтың құпиясы» кітабының авторы Б.Қ.Қыстаубаев өзінің ғылыми мақаласында Ш.Уәлихановтың Ресей сыртқы әскери барлауы штатында болған кезеңіндегі оның ғылыми және жедел қызметіне қатысты барлық деректі материалдарды саралады.

Профессор, т.ғ.д. Қ.Қ. Әбуев өз баяндамасында Шоқанның өмірі, ғылыми және қоғамдық-саяси қызметі туралы мәселелерді қозғады.  

Дөңгелек үстелде Ш.Уәлихановтың кіндік қаны тамған жерге байланысты пікірлер айтылды. Іс-шараның модераторы өлкетанушы Ақылбек Шаяхмет ғұлама ғалымның қазіргі Сарыкөл ауданындағы Күнтимес деген жерде дүниеге келгенін, академик М.Қ.Қозыбаевтың жауап хатынан үзінді келтіріп, дәлелдермен нақтылай түсті.

Дөңгелек үстел соңында Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Қ.Х.Жақып Шоқандай дарынды тұлғаның дүниеге келген  өңірінің орталығы  Қостанай қаласында Шоқан ескерткіші орнатылса және Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісі ретінде  Ш.Уәлихановтың туындыларынан көрме ұйымдастырылса деген ұсынысын айтты.

Бүгінгі бас қосуда Шоқан Уәлихановтың ғылыми және шығармашылық қызметінің түрлі қырлары ашылды. Қазақтың ұлы ғалым-ориенталист, саяхатшы, географы және этнографы, ағартушы-демократ Шоқан Уәлихановтың мұрасы ғылыми әлеуеті қуатты, ол ғылымға жаңа бағыттар беріп, ғылыми зерттеулер үшін темірқазық болып қала бермек.