Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Костанайский областной историко-краеведческий музей

Kostanay regional museum of local lore

+7 (7142) 50 - 03 - 89

+7 (7142) 50 - 11 - 13

Қостанай қ-сы
Алтынсарин көш. 115

«Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция

03.04.2023
«Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция

2023 жылғы 3 сәуірде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толуына орай «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияны ұйымдастырушылар «Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасы» ММ, Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының «Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі» КММ, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі.

Көрменің салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Дәуешов Нұрғиса Мұратұлы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің комитеті төрағасының орынбасары Әлиев Данияр Абзалиденұлы, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Әбіл Еркін Аманжолұлы, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Нұрмұхамбетов Ғауез Торсанұлы, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Зәкиұлы Мұхаметқалиев, Амангелді Имановтың немересі Амангелдиев Батырұлан Рамазанұлы сөз сөйледі.

Конференция жұмысына 100-ден астам адам қатысты. Олар: Парламент Сенатының депутаттары, Қостанай және Астана қалаларының мәдениет мекемелерінің басшылары, ғалымдар, ҚР жоғары оқу орындарының тарих факультеттерінің оқытушылары мен магистранттары, 1916 жылғы оқиғаларға қатысушылардың ұрпақтары, ҚР музей, архив қызметкерлері, өлкетанушылар.

Амангелді ауданының әкімі Т.Т. Карбозов А.Имановтың немересі Батырұлан Рамазанұлына шапан жапты. Пленарлық және секциялық отырыстарда Қазақстанның тарих ғылымының жаңа жетістіктері негізінде Амангелді Иманов тұлғасының тарихтағы рөлін зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздерімен байланысты өзекті мәселелер қозғалды. 1916 жылғы оқиғалардың шынайы көрінісін қалпына келтіруде архив материалдарын зерделеу бойынша жүргізілген  зерттеулер тәжірибесімен жемісті алмасу болды.

 Конференция аясында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің және облыс музейлерінің қорынан «Халық батыры» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Көрмеге тыл жұмыстарына шақыру туралы патша жарлығының жариялануына байланысты архив құжаттарының көшірмелері мен фотосуреттер, Амангелді Имановтың домбырасы, А.Имановтың туыстарының жеке заттары, сарбаздардың қару-жарақтары қойылған. Сондай-ақ, Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің, бейнелеу өнерінің шеберлері Баки Урманче, Нағымбек Нұрмұхамедовтің кескіндеме туындылары, Қазақстанның халық суретшісі, мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың және Украинаның халық суретшісі Ефим Белостоцкийдің мүсіндік туындылары қойылды.

Көрме Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 2023 жылғы 03 сәуірден 03 мамырға  дейін жұмыс істейді.

Секция жұмысы аяқталғаннан кейін конференция жұмысы талқыланып, қорытындыланды, соның негізінде қарар жобасы қабылданды. Конференция қатысушыларына алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды.