2015 жылдың 15 желтоқсанында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне Қостанай Мемлекеттік педагогикалық институтының тарих және өнер факультеті студенттерінің көркемсурет туындылары көрмесінің ашылуы болды.
Осыдан жиырма төрт жыл бұрын Қазақстан өз тәуелсіздігін әлемге паш етті. Тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болып, еркін елде өмір сүріп, өз болашағын құратын аңсаған арманы жүзеге асты. Тәуелсіздік жылдары бейбітшілік пен ынтымақ өмір қалпы саналатын Қазақстан Республикасында жаңа ұрпақ ер жетті. Бұл жас ұрпақ азаттықтың рухын сіңіріп, жетістікке ұмтылады.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне ҚМПИ 4 курс студенттерінің шығармашылық жұмыстары өнер кафедрасының оқытушысы
Қасаболат Айгүл Жапарбекқызының жетекшілігімен көрмеге ұсынылды.
Көрме тұсаукесерінде Қостанай облысының танымал өнер шеберлері Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Б.Ж.Баталова және мүсінші М.Т.Рақалиев сөз сөйледі. Педагогикалық институттың дарынды студенттері музыкалық композициялар орындады.
Көрме бір ай көлемінде жұмыс істейді.