Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Костанайский областной историко-краеведческий музей

Kostanay regional museum of local lore

+7 (7142) 50 - 03 - 89

+7 (7142) 50 - 11 - 13

Қостанай қ-сы
Алтынсарин көш. 115

«Алтын Орда – 750 жыл: тарих, әдіснама және қазіргі заманғы мәні» атты ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция

02.09.2020
«Алтын Орда – 750 жыл: тарих, әдіснама және қазіргі заманғы мәні» атты ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция

2020 жылдың 28 тамызында Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасы мен Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Алтын Орда – 750 жыл: тарих, әдіснама және қазіргі заманғы мәні» атты ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өткізді.

Конференцияның мақсаты: Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын және оның қазіргі заманғы өркениеттің дамуына ықпалын насихаттау. Әлемдік мәдени мұраның ажырамас бөлігі ретінде Қазақстан Республикасының тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуын және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету. Қазақ даласында орта ғасырларда құрылған ірі мемлекет Жошы Ұлысының - Алтын Орданың тарихын таныстыру арқылы біздің тарихымыздың тереңде жатқандығын көрсету.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен конференция жұмысына еліміздің жоғары оқу орындарының ғалымдары, зерттеушілер, археологтар және музей қызметкерлері қатысты. Олар: ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Е.А. Әбіл; Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары, археолог, PhD докторы А.Е. Қасеналин; Ресей Ғылым академиясы (Мәскеу, РФ) Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Д.М. Тимохин; Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы А.Қ. Көшкімбаев; «Сарайшық» тарихи мәдени музей-қорығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Ә.Қ. Мұқтар; «Сарайшық» тарихи-мәдени музейінің археологы М.Қ. Әбдіғалиев; аға ғылыми қызметкер А.Ж. Жұмабаев, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы А.А. Әбсадық; тарих ғылымдарының кандидаттары Ғ.Б. Құсайынов, Ж.А. Шәукенов, С.С. Исмаилов, Руханият - Әбу Нәсір әл Фараби музейінің бас қор сақтаушысы Қ.И. Құдабай.

Конференция модераторы Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының басшысы Е.Б. Қалмақов Алтын Орданың 750 жылдығына арналған конференция Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанын баса айтты. «Алтын Орда тарихына, Қазақ елінің тарихына тереңірек үңілетін уақыт туды. Жазбаша деректердегі мәліметтер, тарихи дәйектер мен деректер біз үшін өте маңызды» - деп, ортағасырлық Алтын Орда мемлекеті мен тәуелсіз мемлекеттің арасындағы алтын көпірді жалғап, тарих тұрғысынан маңызды мәліметтермен бөліскен тарихшыларға алғысын айтып, осы тақырып болашақта да зерттеу жұмыстарының негізі болатынына сенім білдірді.

Конференцияда сөз алған ғалым, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Е.А.Әбіл «Ұлық Ұлыс және Сібір хандығы туралы қазақтардың тарихи жады» баяндамасында «Соңғы онжылдықтардағы Қазақстанның ортағасырлық тарихындағы проблемалар қоғамның басты назарында болды. Бұл тарихи сананы қалыптастыру, тарихи жадыны құру және қайта құру саясатының күшеюіне байланысты. Тарихи аңыздарды талдау көрсеткендей, қазақтардың тарихи жады Ұлық Ұлыстың (Алтын Орда), Сібір хандығының және қазақтардың арасындағы дәйекті байланысты нақты анықтайды», - деп тарихи сабақтастыққа тоқталды.

Ресей Ғылым академиясы (Мәскеу, РФ) Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Д.М.Тимохин араб-парсы тарихнамасындағы ескерткіштерге сүйене отырып, Торғай жазығындағы Хорезм әскері мен Жошы қолбасшылық жасаған моңғол корпусының арасындағы шайқас сипаттамасының негізгі ерекшеліктерін атап өтті.

Конференция жұмысында Қазақ даласында осыдан сегіз ғасыр бұрын құрылған алып мемлекет Алтын Орданың өмір сүру кезеңін жан-жақты қарастырған, саяси және әлеуметтік-экономикалық тарихына, оның қалдырған мол мұрасын зерттеуге, насихаттауға, әскери өнеріне, Алтын Орда мен Қазақ хандығының тікелей мұрагерлік тарихы мен байланысына қатысты, Жошы ұлысы кезеңінен жеткен фольклорлық туындылар, өз заманында жақсы дамыған экономикалық орталыққа айналған ортағасырлық қалалар жөнінде мазмұнды баяндамалар жасалды. Сондай-ақ Алтын Орда тарихы бойынша ортағасырлық араб және парсы тарихшыларының еңбектеріндегі құнды мәліметтер мен қазіргі қазақ даласындағы сол кезеңнің ескерткіштері туралы да сөз қозғалды. Онлайн форматта ғалымдар ғылыми зерттеулері бойынша өзара пікір алмасты.

Осындай конференциялар өткен тарихымызды жете танып, зерделеуге, Алтын Ордадан бастау алған қазақ хандығының тарихын тереңнен білуге жол ашады.