Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде 50-ден астам майдан хаттары сақталуда. Солардың бірі - комсомол экипажында радист-пулеметші болған Юлий Гвоздевтің хаты.
Майданға өз еркімен әкесінен кейін кеткен Юлий Гвоздев өз хаттарында теңіз училищесіне түскісі келетін арманы туралы жазып, туыстарының үй шаруашылығы жағдайын уайымдайтынын білдіреді.
Бірақ соғыс Юлийдің арманын тас талқан етті. Оның туысқандарына майдандас досы Иван Приходькодан қаралы хат келеді, онда Юлийдің қазасы туралы жазылған: «Қымбатты Владимир! 1944 жылдың 11 тамызында ағаң, Гвоздев Юлийге жазған хатыңды алдық. Өкінішке орай Юлий бұл хатты оқып үлгермеді... Володя, біліп қой, ағаң Юлий өзінің өмірінің соңғы деміне дейін туған Отанын фашистік басқыншылардан қорғаған қаһарман жауынгер болды».
Бұл хаттар – жас ұрпақты сол бір сұрапыл жылдармен байланыстыратын тарих куәгері. Жеңіс күні қарсаңында сарғайған хаттарды оқи отырып, болашағымыз үшін, жарқын өмір үшін жаумен шайқасып жанын қиған жандарға құрмет көрсету парызымыз.
15 сәуір күні музей қызметкері ТРК Алау «Өмір ағымы» бағдарламасының «Көненің көзі» айдарындағы тікелей эфирде телекөрермендерге соғыстың қатал ақиқаты бейнеленген майдангерлердің сарғайған үшкіл хаттары туралы айтып берді.