2016 жылғы ең мәнді күндердің бірі – ол Қазақстан жеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жылдығы. 1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының тарихында ерекше орын алады. Империализм мен бірінші дүниежүзілік соғыс жағдайында Амангелді Иманов және басқа да көтеріліс басшылары халықты тәуелсіздік үшін күреске көтерді. Кенесары Қасымовтың қолбасшылығымен өткен ұлт-азаттық қозғалыстан кейін алғашқы рет 1916 жылғы көтеріліс байтақ өңірдің барлық аймақтарын қамтыған жалпы қазақтық сипатта болды. Оның негізгі мақсаты халықтың ұлттық және саяси бостандығы еді.
Көтеріліс әсіресе Торғай облысында кең қарқын алды. 1916 жылы қазанда тек Торғай мен Ырғыз уездерінде саны 50 мың адамнан тұратын жиырмаға дейінгі көтерілісшілер жасағы болды.
100 жыл өтсе де, көтеріліс туралы пікірталас әлі басылған жоқ. 2016 жылы 14 сәуірде Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Қазіргі заманғы тарихшылардың 1916 жылғы оқиғаға деген көзқарастары. Торғай өңірі» атты тақырыптық кездесу өткізілді. Іс-шара барысында Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл, А.Байтұрсынов атындағы Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, ҚР және РФ тарих ғылымдарының докторы Легкий Дмитрий Максимович, Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалының оқытушысы, тарих ғылымының докторы, профессор Айбек Батырханұлы 1916 жылғы оқиғаның даулы мәселелерін талқылады. Кездесуге қатысушылар, ҚМПУ мен ҚФ ЧелМУ студенттері көтеріліс басшыларының тағдырлары, олардың алғышарттары мен нәтижесі туралы көп нәрсе білді.