(1879 ж., Торғай облысы Қайдауыл болысының №7 ауылы, қазіргі Қостанай ауданы - 1963 ж.) - ақын, Қазақ КСР-інің халық ақыны, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысушы, көтеріліс жаршысы, Амангелді Имановтың сенімді серіктерінің бірі. Өсе келе өз бетінше арабша хат таниды. «Арман», «1916 жылы», «Амангелдінің айбаты», «Торғай соғысы» толғауларын халықтың патша өкіметіне қарсы күресіне арнаған. Омар Шипин 1934 жылы Қазақ КСР-інің астанасы Алматы қаласында өткен Бүкілқазақстандық бірінші халық шығармашылығы олимпиадасына қатысқан.
Ақын 1942 жылы «Амангелді батыр» деген дастанын жеке кітапша етіп бастырған. 1943 жылы Қостанай облысының еңбекшілерінің сәлемдемелерін апарған делегация құрамында Ленинград майданына барып, жауынгерлер алдында «Майдан жолында» жырын толғаған. Омар Шипин «Торғай атырабында», «Өмір өрнегі», «Туған жер», «Жеткіншек», «Халық атынан», «Тың үстіндегі ту», «Тыңдамалы шығармалар», «Екі дастан», «Дастандар» кітаптары мен «Масаты қыз», «Қойшы Күлен», «Жеткіншек», «Сыбызғы үні», «Әли дастан», «Ыбырай» атты дастандарының авторы. Халық ақыны үш мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Қостанай қаласында Омар Шипин атындағы көше бар.