Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Костанайский областной историко-краеведческий музей

Kostanay regional museum of local lore

+7 (7142) 50 - 03 - 89

+7 (7142) 50 - 11 - 13

Қостанай қ-сы
Алтынсарин көш. 115

УӘЛИХАНОВ ШОҚАН (1835-1865)

Қостанай жерінде дүниеге келген, Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің жарық жұлдызы Ш.Уәлиханов өзінің туған жерінің даңқын асқақтата бермек.  

Қазақтың тұңғыш ғалымы, саяхатшы, этнограф, фольклоршы, Орта Азия, Қазақстан және Шығыс Түркістан халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуші Шоқан Уәлиханов 1835 жылы Күнтиместе, қазіргі Сарыкөл ауданында дүниеге келген. Оның әуелде қойылған аты Мұхамедханафия, кейін Шоқан аталып кетеді. Тарихқа да осы есіммен енді.

Шоқан алғашқыда Құсмұрында қазақ мектебінде сауат ашып, сурет салуды үйренеді. Ескі шағатайша оқып, араб тілін жақсы меңгеріп, араб, парсы кітаптарымен таныс болған.  

1847-1853 жылдары Омбы кадет корпусында оқыған. Ш.Уәлиханов оқу кезеңінде араб тілін жетілдіре түсіп, орыс тілінен өзге француз және ағылшын тілдерін де үйренді. 1853 жылы Шоқан Уәлиханов оқу орнын корнет дәрежесінде аяқтап, Сібір казак-орыс әскерінің 6-атты әскер полкіне офицер болып тағайындалады.  

1855 жылдың жазында генерал Г.Х.Гасфорттың Орталық Қазақстан, Шығыс Қазақстан (Тарбағатай) және Жетісуды аралаған сапарына қатысады. Бұл сапарында Уәлиханов қазақ халқының тарихы, діні, статистикасы бойынша материалдар жинақтайды. Осы сапардан кейін әскери лауазымы жоғарылап, поручик атағы берілді.

1856 жылдың көктемінде қырғыз еліне полковник М.М.Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедицияға шығады, осында П.П.Семенов Тян-Шанскиймен танысады. 1857 жылы Ш.Уәлиханов тағы да қырғыз елінде болып, қырғыздың батырлық жыры «Манасты» қағаз бетіне түсіріп, біраз бөлігін орыс тіліне аударады. Ш.Уәлихановтың еңбектері Орыс географиялық қоғамының назарын аударады. 1857 жылы 20-дан жаңа асқан жас Шоқанды Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды.

1858-1859 жылдары Ш.Уәлиханов Қашқарияға сапар шегеді, бұл өлкені зерттеп, ғылымға зор үлес қосады. Ш.Уәлихановтың еңбектері неміс, ағылшын және француз тілдеріне тәржімаланады. Саяхатшы ғалымға еңбегі үшін Әулие Владимир ордені және штабс-ротмистр шені беріледі. 1859-1861 ж. Ш.Уәлиханов Петербургте тұрып, Бас штабтың әскери-ғылыми комитетінде жұмыс істейді. Орта Азия халықтарының этнографиясы бойынша дәрістер оқиды. 1861 жылы денсаулығына байланысты елге оралады.

Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов 1865 жылы сәуірде Алтынемел жотасының етегіндегі Көшентоған деген жерде Тезек ауылында қайтыс болады.