Қазақстанда шілденің бірінші жексенбісінде Домбыра күні аталып өтеді. 2022 жылдың 1 шілдесінде Балалар жылы аясында және Ұлттық домбыра күнін тойлау қарсаңында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі «Домбыра әлемі» интерактивті жобасын дайындады. Музей қызметкерлері жалпы білім беретін №29 мектеп пен Қарабалық ауданының Белоглин негізгі орта мектебінің оқушыларын музейдің қор жиынтығындағы музыкалық аспаптармен таныстырды. Көрмеде атақты жерлестеріміздің домбыралары ұсынылды. Құнды жәдігерлер арасында 1916 жылғы көтерілістің көшбасшысы Амангелді Имановтың, Қазақ КСР-нің халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Сералы Қожамқұловтың, ҚР Халық ақыны Әсия Беркенованың, ақын Мәриям Хакімжанованың домбыралары, сонымен қатар ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қолдан жасалған домбыралар бар.
Іс-шара мақсаты - домбыраның қазақ халқының өміріндегі орны мен маңызы туралы айту.