1990-шы жылдардың басында Жеңіс саябағындағы 1919 жылы өлім жазасына кесілген көтеріліске қатысушылардың бауырластар зиратының жанына «Азамат соғысы жылдарында қаза тапқан қостанайлықтарға арналған» ескерткіш орнатылды. Ескерткішті мүсіншілер И.М. Большанин мен Л.П. Белоусов жасады.
1998 жылы қаржылық қиын жағдайларға байланысты саябақты тиісті күзетпен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмағандықтан, ескерткіштің қола қаптамасының сақталуына қауіп төнді. «Вкусная жизнь» мейрамханасы әкімшілігінің бастамасымен ескерткішті сақтау мақсатында «Ату жазасы орындалған қабырға» тұсындағы ішкі аулаға ауыстырды. Тарихи ескерткіштің мейрамхананың жазғы дәмханасына жақын орналасуы музей кешенінің алғашқы жобасына сай келмеді және көптеген қостанайлықтардың наразылығын туғызды.
2005 жылы ескерткіш мейрамхананың ішкі ауласынан кірпіш қабырғамен бөлініп, музей ауласы жағынан арка салынды. 2009 жылы аулаға қайта жаңғырту жұмысы жүргізілді және Қостанай облыстық тарихи- өлкетану музейінің «Ашық аспан астындағы музей» аумағының бір бөлігі ретінде Тарихи саябақ құрылды.
Ескерткіш сипаттамасы
Ескерткіш мерзімі: 1980-ші жылдар.
Орналасқан жері: Қостанай қаласы, Алтынсарин көшесі, 115
Ескерткіш музейдің Тарихи саябағында орталық орынды иеленеді, «Ату жазасы орындалған қабырғаның» сол жақ бөлігіне жанасқан кірпіш қабырға бойында орнатылған.
Монумент тұрған қалыптағы үш қызыл әскер жауынгерінен құралған мүсін тобы түрінде берілген. Сәл алға қарай командир бейнесі, оның артында екі жауынгер тұр. Жауынгерлер қол ұстасып тұр, революция күрескерлерінің өлім алдында да ынтымағы мен бірлігін көрсете білген. Мүсіндердің биіктігі – 2 м. Ескерткіш және оның тұғыры мыспен қапталған.