2025 жылғы 10 қазан күні сағат 15:00-де Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі бейнелеу өнері бөлімінің көрме залында ҚР Суретшілер одағының мүшесі, қостанайлық суретші Вадим Быковтың «Портрет өнері» атты дербес көрмесі ашылды. Келушілер назарына автордың 70 портреттен тұратын жұмыстары ұсынылды.
В. Быков – халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық көрмелердің, байқаулар мен түрлі шығармашылық жобалардың қатысушысы, 44 жеке көрменің авторы. Оның туындылары Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында, басқа қалалардағы музейлерде және жеке коллекцияларда сақтаулы.
«Портрет өнері» атты дербес көрмесінде автор жақын жандары мен таныстарын, шығармашылық әріптестері мен достарын, сондай-ақ танымал тұлғаларды бейнелеген портреттерін ұсынды. Суретшінің жұмыстары әртүрлі техникада орындалған: майлы бояу, құрғақ қылқалам, соус, сепия, пастель және қарындаш.