2025 жылдың 11 ақпанында «Қостанай облысы табиғатының байлығы» залында «Жұртшы - Қазақстандағы 2025 жылғы жыл құсы» атты көрме өз жұмысын бастады.
Сәуір айында жұртшылар Қазақстанға Үндістан мен Пәкістаннан, ал кейбіреулері Йемен мен Сауд Арабиясынан орала бастайды. Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының мүшелері биылғы жарысқа тарғылбас (Fringilla montifringilla, Тарғылбас) пен жұртшы (Neophron perchopterus, жұртшы) деген екі құс түрін іріктеп алды. Дауыс берушілердің 40% пайызы тарғылбасқа дауыс берсе, 60%-ы кіп-кішкентай торғай тәрізді құстан гөрі жыртқыш құсты жөн көріп, биылғы жыл құсы ретінде жұртшыны таңдапты. Қазақстанда жұртшылар Маңғышлақ, Қаратау, Қырғыз және Талас Алатауының аласа тауларында, Шу-Іле тауларында, Іле алқабында және Жоңғар Алатауларында ұя салады.
Жұртшы (Neophron perchopterus) - Қазақстанда мекендейтін бес өлексежегіш құстың бірі. Дене тұрқы 58 - 66 см, қанатының ұзындығы 150 – 180 сантиметр (жайғанда), салмағы - 2,5 келі. Тұмсығы ұзын әрі өте жіңішке болады. Ересек жұртшының қанатының ұшында қара жолағы бар, жабыр қауырсындары ақ болады, жастарының түсі - қоңыр, қанаттарының шетінде қара жолақтары бар, басы мен жемсауы қауырсынсыз, тықыр. Жұртшы жартастардың қуыстарына ұялап, ұясын көптеген жылдар бойы пайдаланады. Ұядағы 1-2 қалың теңбілді жұмыртқаны аналығы мен аталығы басады. Үнсіз, қалықтап ұшады. Қазақстанда орта есеппен шамамен 502 жұп жұртшы ұялайды.
Саны сиреп бара жатқандықтан, Қазақстанның Қызыл кітабына енген. МСОП (IUCN RedList) Қызыл тізімінде жұртшы құрып кету қаупі төніп тұрған құстар тізіміне енгізілген
Көрме жыл бойы жұмыс істейді.