Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Костанайский областной историко-краеведческий музей

Kostanay regional museum of local lore

+7 (7142) 50 - 03 - 89

+7 (7142) 50 - 11 - 13

Қостанай қ-сы
Алтынсарин көш. 115

«Вадим Быковтың Арт студиясы» оқушыларының «Буырқанған бояулар 5» атты көрмесінің ашылуы.

21.11.2016
«Вадим Быковтың Арт студиясы» оқушыларының «Буырқанған бояулар 5» атты көрмесінің ашылуы.

18 қарашада картина галереясында Вадим Быковтың «Арт студиясы» оқушыларының «Буырқанған бояулар 5» атты көрмесінің ашылуы болды. Көрмеге 50-ге жуық кескіндеме, графика, сәндік - қолданбалы өнер туындылары ұсынылды.

2016 жылы «Арт студияға» 5 жыл толды. Студия есігі барлық келем деушілерге жас ерекшелігіне қарамастан әрдайым ашық. «Арт студия» ашылғаннан бері 6 мен 11 жас аралығындағы оқушылармен Наталья Добрыниченко мен Надежда Гусеева, 11 жастан жоғары оқушылармен танымал жас суретші, Қазақстан Республикасының суретшілер одағының мүшесі Владислав Галбен жұмыс істеген. Қазіргі таңда бұл жастағы топтарға студия жетекшісі, Қазақстан Республикасының суретшілер одағының мүшесі Вадим Быков тәлім беруде.

Вадим Быковтың «Арт студиясындағы» балалар жұмыстарының тұңғыш көрмесі 2012 жылдың 1 маусымында «МART» сауда орталығында «Profitown» ЖШС және «Квадрум» багет шеберханасымен бірлесіп ұйымдастырылды. Содан бері жас суретшілер өз туындыларымен қостанайлық көрерменді әртүрлі көрмелерде ұдайы қуантып келеді. Вадим Быковтың «Арт студиясының» оқушысы Яна Берк Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Қостанай облысының 80 жылдығына арналған бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнердегі жас авторлардың VII облыстық «Жас толқын - 2016» конкурсына қатысып «Кескіндеме» номинациясы бойынша ІІІ орынға ие болды.

«Буырқанған бояулар 5» мерейтойлық көрмесіндегі түрлі жанр мен техникада орындалған туындылар терең мағынасымен көз тартады. Мысалы, Ыбырай Нұржанның «Клоун» портреттік жұмысы мерекені бейнелесе, Светлана Бисенованың «Сұлулық пен нәзіктік» деп аталатын жұмысы ашық және ықшам, ал Вика Петрованың «Тасбақа, балық, қаз» туындысы композициясы жағынан күрделі, колориттік шешімі бойынша мазмұнды. Бір қарағанда жеңіл әрі күрделі болып көрінетін туындылар көрермендер назарын еріксіз өзіне аударып, автор қиялынан туындаған сурет әлеміне бойлауға мәжбүр етеді. «Буырқанған бояулар 5» көрмесіндегі туындылар баланың әлемге деген қөзқарасын ерекше бояулармен бейнелейді.

Көрмеде студия оқушыларының туындыларымен бірге шеберлігі мен дарыны қостанайлық көрерменге жақсы таныс студия жетекшісі Вадим Быковтың жұмыстары да ұсынылған.