Александр Иванович Никифоров 1914 жылы Қостанайда дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан, өзінің жауынгерлік жолын Мәскеуден Венаға дейін жүріп өтіп, Жеңіс күнін сол жерде қарсы алды. Соғыс жылдарында жараланған, марапаттары да бар. Александр Иванович 1946 жылы әскерден елге оралған соң Свердлов көркемсурет училищесіне оқуға түседі, бірақ денсаулығына байланысты оқуды аяқтай алмай, туған қаласына қайта оралады және өзінің бар ғұмырын шығармашылыққа және Қостанайдың жас суретшілерін тәрбиелеуге арнады.
Никифоровтың бастамасымен 1953 жылы Пионерлер үйінің жанынан қаладағы және облыстағы алғашқы бейнелеу студиясы ашылды, 30 жылдан астам уақыт бойы студияда қаланың дарынды жастары көркемсурет дәрісін алып, эстетикалық дайындықтан өтті. Ол табиғатынан ұстаз және әрдайым ұстаз болып қалды. Оның шәкірттерінің қатарында Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Г. Соков, Н.Торшин, С.Луговой, М.Фаткулиндер, сондай-ақ Ю.Жоев, Ю.Матюшко сияқты суретшілер бар.
Онлайн көрмеге музей қорындағы А.И.Никифоровтың графикалық туындылары қойылған. Александр Ивановичтің тушь, қаламұш, қарындаш тәрізді қарапайым құралдармен орындаған туындыларындағы шынайылық мен деректілік нәзік лиризммен, сырластықпен, адалдықпен, барлық бейнелеулерге деген сүйіспеншілікпен үйлесім тапқан.
Александр Ивановичтің жұмыстарының ғұмыры ұзақ, олар сөзсіз тарихи құндылықтар, ол туындыларда бұрынғы Қостанай бейнеленген. Бұл оның құндылығының бір бөлшегі ғана. Енді бірі терең сезімді, таза жанның және дарынды суретшінің қолынан жасалғандығын білдіреді. Сондықтан олар жанға жақын және әрбір жанның есінде қала бермек. Бұл олардың көркемдік құндылығын айғақтайды.
А.И.Никифоровтың қолынан туған сырттай көзге түсетіндей емес, бірақ шынайы графикалық парақтар, бұрынғы қаланың жанды және жарқын бейнесін сақтап, қаламыздың жас ұрпақтарына өткеніміз туралы естелікті баяндайды.
https://www.instagram.com/tv/CGEYRmdAnyb/?utm_source=ig_web_copy_link
https://vk.com/video397862586_456239238
https://www.facebook.com/it.kraeved.kst/videos/918676335289916/