2021 жылдың 31 наурызында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері «Алау» телеарнасының «Өмір ағымы» бағдарламасының «Көненің көзі» айдарында инженер, ғалым, педагог, өндіріс ұйымдастырушысы және жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты, ҚР еңбегі сіңген құрылысшы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Әбдісағит Шаймұханбетұлы Тәтіғұлов туралы музей қорындағы фотоматериалдар, құжаттарымен таныстырды.
Әбдісағит Тәтіғұлов 1940 жылдың 13 наурызында Қостанай облысының Федоров ауданында дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ политехникалық институтының инженерлік-құрылыс факультетін аяқтаған.
1975 жылы «Казгорстройпроект» жобалау институтының бас директоры, кейіннен «KAZGOR» Жобалау академиясы аталып қайта құрылғанда президенті болып тағайындалды. Өзгеше сәулеттік шешімімен көзге түсетін, көп қабатты «Қазақстан» қонақ үйін жобалауға қатысуын атап өтуге болады. Сондай-ақ «Алатау» шипажайы, Теңіз кен орны, Құлсары құрылыстарына, Жаңатас қаласының құрылыстарына және т.б. ат салысқан.
Көрермендерге жерлесіміз, инженер Ә.Тәтіғұловтың өмірі мен қызметіне байланысты мол мағлұматтар берілді.