2022 жылдың 29 сәуірінде Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі Алаш ұлттық-демократиялық қозғалысының 105 жылдығына арналған «Алаш мұрасы: өткеннен болашаққа» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өткізді. Конференцияның мақсаты: Алаш ұлттық-демократиялық қозғалысының идеясын жаңа қазақстандық патриотизм саясатымен салыстыра зерттеу.
Іс-шараға ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар, ЖОО-ның оқытушылары, музей қызметкерлері қатысты. А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің оқытушылары, профессор, философия ғылымының кандидаты Қ.Х.Жақып, ақын, филология ғылымының кандидаты, профессор А.Қ.Шаяхмет, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, магистр А.Е. Ералина баяндама жасады. Олар Қазақстан тарихындағы Алаш Орда қозғалысының маңызы мен рухани мұрасы, ел мүддесі мен тәуелсіздігі үшін күрескен көрнекті қайраткерлер туралы айтып өтті.
Астана халықаралық университетінің доценті, тарих ғылымының кандидаты Қ. С. Өскембаев «Алаш» партиясының негізін салушылардың бірі, математика бойынша қазақтың тұңғыш профессоры, Қазақстанның қалыптасуына зор үлес қосқан мемлекет қайраткері Ә.Ә.Ермеков жайында әңгімеледі.
Филология ғылымының магистранты, «Qyr balasy» қоғамдық қорының атқарушы хатшысы Д.М.Ихсан өзінің мақаласында қоғам қайраткері, журналист Ғ.Қ.Бірімжановтың өмірі мен қоғамдық қызметіне қатысты зерттеу жұмысына тоқталды.
Алаш қозғалысы қайраткерлерінің мұрасын музей ісінде дәріптеу мен насихаттау барысына Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі А.С.Ертеміров, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Н.Қ.Оташева тоқталды.
Жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыру, тарихи тәжірибені болашақ ұрпаққа жеткізуге айрықша көңіл бөлініп, іс-шараға қатысуға студенттер де шақырылды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің тарих факультетінің 2-курс студенті Тыныбекұлы Тілеубек «Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінің принциптеріндегі ұлттық құндылықтар» тақырыбында баяндама жасады.