Әдістемелік жинақ

Әдістемелік жинақ
(мұражай іс-шараларының сценарийлері)
ІҮ басылым
Қостанай
2009

«Қолымда бір қамшым бар ...»

атты танымдық кештің сценарийі

Іс-шара мақсаты: қамшының тұрмыстағы орнын, маңызын көрсету, түрлерімен таныстыру.

Іс-шараның өткізілетін орны: көрме залы.

Техникалық жабдықтар: музыкалық аппаратуралар,слайд.

Іс-шара жоспары:

1. Жүргізушінің кіріспе сөзі.
2. Жүргізуші: қамшының маңызы,түрлері, жасалу әдістері.
3. Сахналық көрініс.
4. Музыкалық номер.
5. Жүргізуші: қамшының қасиеттері.
6. Музыкалық номер.
7. Жүргізуші: қамшының қасиеттері.
8. Қамшы туралы бейнекөрініс.
9. Қорытынды.

1. Жүргізуші: Құрметті қонақтар бүгінгі «Қолымда бір қамшым бар...» - атты танымдық кешке қош келдіңіздер! Көне ғасырлар қойнауынан бастау алатын төл тарихымызды сан қырынан жарқырата көрсетіп, асылдарымызды тарих тереңінен аршып алуымыздың, асыл мұраларымызды жинақтаудың басы болған Елбасының бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы. Елбасы бағдарламасының басты мақсаты – жоғымызды түгендеп, барымызды барынша насихаттау. Қазақтың тарихы да, материалдық мұрасы да, тілі мен ділі де, өнері де аса бай екенін барша әлемге білдіру. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасында мәдени мұраны, соның ішінде ұлттық мәдениетті, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды зерттеу, жинақтау міндеттері қаралған. Міне, осы бағдарлама аясында ата-бабадан мұра болып бізге жеткен өнерін - қамшы өнерін насихаттау мақсатында кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер.

2. Жүргізуші: Ел-жұртымыздың мәдени-тұрмысы мен рухани зердесінде кәдімгі қамшымыз ерекше орын алып келген. Бұл күндері оған тереңірек ой жіберсек осы бір шағын ғана дүниенің атқарар қызметінің саналуан түрлеріне тоқталмай кетуге мүлде болмайтын жайлар бар екен. Өйткені қазақ өмірінде қамшы - өнер туындысы, қамшы - рухани қуат-күш, қамшы - сый-сияпат, қамшы - жігіт пен қыз сәні мен салтанаты, қамшы - азамат айбыны мен айдыны, қамшы - шебер қолдың айғағы, қамшы - алса қару, қалса мұра. Демек, қамшымыз тек ат айдайтын құрал ғана емес, айта алсақ, сөйлете білсек мақтанарлық-ақ қасиетті әрі қастерлі қазына тобына жататын әмбебап дүние. Бұрынғы ақын, әнші, сал-сері мен мырзалар, жақсылар мен жайсаңдар, сұлулар мен сырбаздар, тіпті кез келген қазақ осы қамшыны жанына серік еткен. Қамшыны ауызға алмай өлең, жыр айтылмаған.Тұрмыста да солай. Қажет десең ол тәртіп құралы да бола алған. Ал қолына қамшы ұстаған әр азаматта еркелік екпін, жігіттік жігер еселене түскен. Сол жігіттер сүйген сұлуына:

Қолымда бір қамшым бар алты таспа,
Сұлудың керегі жоқ сенен басқа.
Қалқа деп қадыр білер салдым қолқа,
Жақсының жамандардан нарқы басқа,
-деп наз айтқан.

3. Сахналық көрініс.

Мұражай қорындағы қамшы түрлері слайд арқылы көрсетіледі.

Қамшы әбден иленген сиыр терісінен өріледі.Әр қазақ ауылында айтулы өрімшілер болған. Олар теріден қамшы, божы, ноқта, шідер, тұсамыс, шыбыртқы (бишік) өрген. Жәй өріп қана қоймай оны өнер көзімен, шебер қолымен, өте жоғары талғам-талаппен қырлап, жұмырлап, бұрап, бедерлеп, үзбелеп, термелеп, еспелеп, бір сөзбен айтқанда көркемдеп, таңдай қақтырарлық ұқыптылықпен өнерлеп өрген. Соның ішінде қамшы әртүрлі яғни 3 таспадан 40 таспаға дейін өріледі. Таспа неғұрлым көбейген сайын жіңішкере береді әрі ажарлана, күрделене түседі. Осы жай өрілу сапасы мен тәсіліне сай және қолданылуына орай қамшы атаулары да өзгере береді. Мұны белгілі, әрі өрімші шеберлер Жағда Бабалықов пен Ақселеу Сейдімбек былайша түрлейді: ат қамшы, дыр қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын, қамшы, шолақ қамшы, сары ала қамшы, білеу қамшы, орама санды қамшы, мүйіз сапты қамшы, киелі қамшы, қасиетті қамшы, тобылғы қамшы, шашақты қамшы, бала қамшы, құрау қамшы, шыбыртқы қамшы тағы басқа. Сол сияқты таспа санына қарай «пәлен өрмелі қамшы» деп те аталады.Қамшының басына шеберлер күміс, жез, тері сияқты мойнақ салады.

Осыған орай қамшы тағы да күміс мойнақ қамшы, жез мойнақ қамшы, сары ала мойнақ қамшы, ақ мойнақ қамшы деп аталады.

Қамшы - бірнеше құрамнан, ол құрам бірнеше қызықты әрі күрделі атаулардан тұрады. Мысалы, өрім, сап, бас, дүм, алақан, бүлдірге, орам, кежеге, шежемей, айдар, мойнақ, бүркеншік, бунақ, бауыр, шашақ, өзек, түйін, шығыршық, топшы, түйнек тағы басқа. Негізінен екі үлкен бөлігі: өрім мен сап. Сап тобылғыдан, ырғайдан, елік, киік сирағынан, таутеке мүйізінен барынша әсемделіп жасалады. Әсіресе, елік, киік сирағынан металл, терімен мойнақтап, орам салып, шашақталған қамшы өте бағалы әрі сәнді болады.

Қамшының сабы еліктің сирағынан,
Жиын, той іздегенім, жиғаным ән.
Атымды сәнмен сипай қамшыланып,
Қалқаның келе жатам үй жағынан, - деп ән шырқаған жігіт осылай мақтанады.

Бұрынғы кезде сері жігіттердің сұлу қызға осындай әсем қамшымен баруы оның абырой-беделін де көтере түскен.

4. Музыкалық номер

5. Жүргізуші:

Қамшы сабына ең көп қолданылатын тобылғы. Ол әрі бояулы, берік әрі әдемі көрінеді. Оны да майлап, әбден кептіріп, түзетіп барып қолданады. Әсіресе, оның қызыл түсті бояуы ерекше көрік береді. Мұндай қамшыны халық былайша жырға қосады:

Тобылғы қамшы саптық сайға бітер,
Көп жылқы көк алалы байға бітер.
Көргенде сұлулығың сұқтандырған,
Тек қана аспандағы айға бітер.

6. Музыкалық номер (халық биі)

7. Жүргізуші:

Шеберлер қамшы сабына ерекше көңіл бөлген. Оны жез бауырлап, мойнақтап, металмен, былғары, қайыспен орайды. Оған мына шумақ өлең куә:

Қолымда бір қамшым бар мойнақтаған,
Бәйгеден қос ат келер ойнақтаған.
Сәулетай, көрмегелі көп күн болды,
Көзіңнен айналайын жайнақтаған.

Қамшы әрқашан оң қолға ұсталады. Білекке, ер басына, керегеге іліп қою үшін саптың дүм жағынан бір тұтамдай қалдырып, тесіп қайыстан бүлдірге өткізеді.

Қолымда бір қамшым бар бүлдіргелі,
Қалқаға бір сөз айтам күдіргелі.
Орныңнан әрі отырған бермен отыр
Қолымда қармағым жоқ ілдіргелі, - деген жігіт әзіліндегі бүлдіргелі осы.

Кейбір өрімшілер алақанның сап жағын әдейі ұзын етіп қалдырады да, оны сапқа ұзына бойы «бауырлық» етіп сыртынан таспаны орап жібереді. Кейде осы бауырлақ орнына жұқа мыс та қолданады. Бұл да қамшы бағасын, құнын әсерлей түседі.

Қолымда бір қамшым бар жез бауырлақ,
Өсекке ілікпедім сөзді ауырлап.
Түскенде сен есіме сенер болсаң,
Жылаймын жата қалып жер бауырлап.

Қай жағынан алып қарағанда да қамшы қазақ өмірі мен өнерінің ажырамас бөлігі. Өмірі дегеніміз - адам атсыз, атқа мінсе қамшысыз жан болмаған. Өнері дейтініміз - шеберлік те, ақындық та, сөз сайысы да қамшысыз өтпеген. Өйткені сөз сұрағанда да қамшы тасталған. Әдеп-үлгіде де, салт-дәстүрде де қамшыны ұстау мен қолданудың тәрбиелік, мәдениетті ережелері мен жөн-жосықтары болған. Мысалы жайшылықта қамшыны екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін салбырата ұстау дұшпандық, әдепсіздік белгісі деп қаралған. Жол, жөн көрсеткенде де саусақпен емес қамшымен нұсқаған.

Атта қамшың болмаса қолға ұстаған,
Жүрмес, жуас жабы да көнбес саған.
Ата-бабаң біреу жөн сұрай қалса,
Ат үстінен қамшымен жол нұсқаған.

8. Бейне көрініс.

Жүргізуші: Қазақ дәстүрінде ертеде «қамшы ойыны» деп аталатын күрделі ойын (спорт) түрі де болған. Соның ішінде қазақ даласына кең тараған «қамшыгерлік» өнер екен. Олар осы қамшы арқылы өнер көрсеткен. Төрт жақтан керілген өгіз терісін қамшымен бір тартқанда тіліп түсіру, жаугершілікте, ұрыс-жанжалда жауын қамшымен жусатып салу, қасқыр соғу қамшыгерлер атағы мен абыройын арттыра түскен. Әрине қамшыға - азаматы, азаматына қамшысы сай болуы белгілі.

Қамшымызды халық тіл өнерінде де «ойната» білген. Жүйрік атты «қамшыдай қатқан", талаптанған жігітті «өзін-өзі қамшылады», «ұрды, соқты дегенді «қамшы жұмсады», қорқытты деудің орнына «қамшы үйірді», қаныпезер тентекті «қамшысынан қан сорғалаған», жүрмейтін атты «қамшы кесті шабан», жанына батқан істі «қамшы боп тиді» деп астарлай, ажарлай сөйлеген. Кейбір берекесіз жанды «қамшы алып жүруге жарамайтын» деп кеміткен. Жүрдек атты «қамшы салдырмайтын мал» деп мадақтаған. Сондай-ақ халық қамшыны өлшем есебінде де қолданған. Мысалы, «қамшы сабындай», «қамшы бойындай», «қамшы жетер жерде» дегендей.

Бір сөзбен айтқанда:

«Қара ойдың қамшым қалды қабағында, Шырын қымыздықтың сабағында» - деп ән шырқаған дала қазағының өмірінде қасиетті қамшының да өшпес із қалдырғанын осы айтылған аз сөздерден-ақ байқауға болады.

Құрметті қонақтар осымен бүгінгі кешіміз аяқталды, келгендеріңізге көп рахмет,сіздерге шығармашылық табыстар тілеймін. Келесі кешімізде кездескенше.

Үлгілі сөз жыршысы

(Н.Наушабаетың туылғанына150жыл толуына орай өткізілген көркем - сазды кеш)

Жабдықталуы: экранда слайдтар, шығармаларынан көрме.

Жүргізуші:

Экраннан:

«Нұржан дейтін үлкен ақын. Халқымыз үшін керек. Әдебиеттің тарихы үшін керек. Қазақ әдебиетін кешегі күннен, бізден бастасақ ұят-ты...»

Б.Майлин

Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен,
Селдетіп ән тұқымын сол еді еккен.
Тобылдан көтерілген бір зор айқай
Сібір мен Сыр суына балын төккен, - деп ақын Нұрхан Ахметбеков «сегіз қырлы, бір сырлы» ақын Нұржанды жырына арқау еткен.

Жасынан сөз бастаған тума талант:
Жері жоқ жайылмаған біздің сөздің,
Белгілі жүйрігі едім Орта жүздің, - деген екен.

Құрметті қонақтар! Бүгін Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында қазақтың біртуар ақыны, сері, балуан атанған, әнші-композитор Нұржан Наушабаевтың туылғанына 150 жыл толуына арналған «Үлгілі сөз жыршысы» атты көркем-сазды кешке хош келдіңіздер! Бүгінгі кештің қонақтары: Филология ғылымдарының кандидаты, ақын Ақылбек Қожаұлы Шаяхметов. Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың ұстаздары, оқушылары және осы мектеп оқушыларын айтыс өнеріне баулып жүрген тәлімгер, айтыскер-ақын Салтанат Өтелбаева. Н.Наушабаев атындағы Затобол орта мектебінің оқушылары мен оқытушылары.

Жүргізуші:

Нұржан Наушабаев 1859 жылы қазіргі Қостанай облысы Қостанай ауданының Құттық аулында дүниеге келген. Анасынан сәби кезінде ерте айрылып, нағашысының қолында тәрбиеленеді. Әжесі Ағайша азан шақырып қойған аты Нұрмұхамбетті атамай, Нұржан деп еркелеткен екен. Ақын өзі де ел арасына Нұржан деген атпен танымал болды. Жасында мұсылманша оқып, білім алған. Троицк қаласындағы З.Расулов медресесінде оқыған. Нұржан парсы, араб тілдерін емін-еркін оқыса, татар, башқұрт тілдеріне жетік болған. Өлең-жырды жасынан серік еткен. Ол туралы өзі де:

Руым қыпшақ, тайпам Құттық, таңбам Әліп,
Өлеңді бала жастан еттім қалып - дейді.

Н.Наушабаевтың шығармалары ХХ ғасырдың басында Қазан қаласында жинақ ретінде бірнеше рет басылған. Олар: «Манзұмат қазақия» (1903 ж.), «Жұмбақ. Нұржан мен Сапарғалидың жұмбақ айтысы» (1903 ж.), «Алаш» (1910 ж.).

(Н.Наушабаевтың «Манзумат қазақия», «Алаш» кітаптарының беттерінен көшірмелер экраннан көрсетіледі.)

Кезінде Нұржанның өлеңдерін ел аузынан жазып алып, Ғылым Академиясына өткізген ақын Мәриям Хәкімжанова апамыз болатын. Н.Наушабаев шығармалары ХХ ғ. басындағы қазақ әдебиеті оқулықтарына енген. Кейін Н.Наушабаевтың өлеңдерін орындап, насихаттаған Сыздық Әбілғазин ақсақал еді.

1997 жылы ақынның көптеген шығамаларын қамтып, «Алаш» жинағын ақын Ақылбек Шаяхметов жариялады.

Біздің сөз әр тарапқа жүр шашылып,
Нұржан да бұрынғыдан тұр басылып.
Бір кетсе тоқтамайтын жүйрік едім,

Көңілімнің сандығының кілті ашылып,- деген сөз жүйрігі туралы, оның өмірі мен шығармашылығы хақындағы сөз ақын, Қостанай мемлекеттік университеті «Медиа» орталығының директоры Ақылбек Қожаұлына беріледі.

(Экраннан «Алаш» жинағы мен А.Шаяхметовтің «Нұржан туралы ән» нотасы көрсетіледі.)

Жүргізуші:

Н.Наушабаевтың «Алтыншы назымы». Орындайтын: Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Манап Қадыров.

«Уақытында бүкіл Орта жүзді аузына қаратқан, революцияға дейін үш кітап шығарған, Ыбекеңді тамсандырған, табындырған, Арғын-Қыпшақтың аузында жүрген Нұржан еді ғой бұл. Заманында оның алдына кім түсіп еді ?! Ақын десе - ақын, әнші десең - әнші, сері десең - сері, шежіре десең - шежіре, балуан десең - балуан... Ыбекеңнің сөзімен айтқанда: «сегіз қырлы, бір сырлы дүлдүл еді...»

М.Хәкімжанова

Жүргізуші:

Нұржан Наушабаевтың өлеңдерінің негізгі тақырыбы өнер-білім мен адамгершілік қасиеттерді насихаттау. Ақын шығармашылығында ғибратты ойлар мен тағылымдық тұстар мол.

(С.Әбілғазин «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» кітабы, Н.Наушабаев қоры туралы құжаттар.)

Н.Наушабаевтың «Нақылдарын» жатқа орындайтын Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың 6 сынып оқушысы Қаратаева Ханымгүл.

Адам болар жігіттің,
Етек-жеңі кең болады.
Қошқар болар қозының
Маңдайлары дөң болады.

Құлан қағынан жерінсе,
Су таба алмай шөлде өледі.
Өзінің басын зор еткен,
Ағайынын қор еткен жігіт
Атасы басқа бір елде өледі.

Аштық не жегізбейді,
Тоқтық не дегізбейді.
Атаның баласы аштан өлсе де
Асатпай жемейді.
Жетесі жаман нәсілсіз
Жеп отырса да мә демейді ...

Болат қылыш қап түбінде жата ма,
Жасық болса егесең де өте ме?
Жолдас болсаң, мәрт адамға жолдас бол,
Өзі өлмей сені әр кез тастап кете ме?!

Жүргізуші:

Нұржан шығармалары халық арасында кең тарап, есімі ел аузында сақталған. Туған жері Қостанай ауданындағы мектепке ақын аты берілген. Осы кешке Н.Наушабаев атындағы Затобол орта мектебінің оқушылары арнайы келіп отыр. Затобол орта мектебі 2001 жылдан бері ақын атымен аталып, 2005 жылы салтанатты түрде жаңа ғимаратқа көшті. Мектеп оқушылары Н.Наушабаев мұраларын оқып, зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Н.Наушабаев аталарының көптеген өлеңдерін жатқа орындайды.

5 «б» сынып оқушысы Қаратаева Мәдина Нұржан атасына «Арнау» оқиды. Енді осы мектептің 3 «а» сынып оқушылары дайындаған «Түлкі мен әтештің хикаясы» мысалынан көріністі тамашалаңыздар.

Экраннан:

«Домбыра, тартайын деп алдым қолға,
Бәйгеге шаппасам да, салдым жолға.
Ежелден өрен жүйрік атанған соң,
Дабысым ерте шықты Орынборға...»

Нұржан

Жүргізуші: Н.Наушабаевтың «Лепірген кейбір жігітке» өлеңі. Оқитын Қорғанбеков Хақназар.

Атқа мінсең наз бедеу,
Қапалы көңіл ашылар,
Кем болмаса тумысың,
Қатарға басың қосылар.
Әдеп, ақыл, білімді,
Үйреніп ешкім тумайды.
Көруменен ысылар.
Ілгері тәңірі бастырса,
Өнерін күн-түн асырар.

Бақ қалаған жігітке
Таңдап мінсең бедеу ат,
Көңілдің күбі шешілер,
Бекзаданың белгісі -
Ашу болмас бойында,
Жібектейін есілер.
Жамандардың қалыбы -
Кемдік беріп талапқа,
Көңіл зауқын өшірер.
Сыр сақтамас ішіне,
Көрінгенді дос көріп,
һауи мисыз жігіттер.
Басына елді көшірер.

Өңкей қалың бедеу ат
Мінсең белі талмайды.
Қаса нарға жүк артып,
Айдасаң шөлге қасқартып,
Шалдығып жолда қалмайды.
Ертеңнен кешке шапсаң да,
Шабыстан тұлпар танбайды.
Мәрт жігіттің белгісі -
Бір қалыбын өзгертіп,
Жеңіл сөзге азбайды.
Нәмәрттардың ісі бұл -
Білмеген ісін білем деп,
Өзінің сөзін дұрыстап,
Қыңырайып болмайды.

Жүргізуші:

Қазақтың айтыс өнерінде төкпе айтыс ақыны Нұржан Наушабаевтың алар орны ерекше. Нұржанның Сапарғали Қуанышұлымен айтысы жұмбақ айтыстың көркем үлгілерінің бірінен саналады. Жазушы Сәбит Мұқанов: «Жұмбақ айтысын дамытуда айрықша еңбек еткендер Нұржан Наушабаев пен Сапарғали болды. Бұлардың жұмбақтарындағы бір өзгешелік - мұнда айтыс жұмбақпен басталып, жұмбақпен аяқталады.

Әрбір әдебиет жанрының, ия сол жанрлардың әрбір салаларының өз биігі, өз шедеврі болады. Жұмбақ айтыстарының ішіндегі биігі, ең тамашасы осы Нұржан мен Сапарғалидың айтысы» деген екен. Енді сол айтыстан үзіндіні тамашалаңыздар.

Орындайтындар: Нұржан ақын - Біркеев Айдархан, Сапарғали ақын - Қасымов Нұрсұлтан.

Нұржан:

Сапеке, болса уақыт жұмбақ жазшы,
Азырақ мәжіліс құрып көңілді ашшы.
Шұқынып ізіңізге мен түсейін,
Болыңыз алға түсіп бізге басшы.

Сапарғали:

Мен көрдім неше жүйрік даналарды,
Байқауға ойладың ба шамаларды.
Жұмбағыма қайтарса дұрыс жауап,
Біз де сынап қарайық балаларды.

Мен көрдім бір теңізде темір қайық,
Әр пенде пайдаланар көріп лайық.
Үстінде түндігі жоқ үйді тігіп,
Кетеді рызықтанып барша халық.

Нұржан:

Дастархан - теңіз мысал, қайық поднос,
Бұл күнде әмбе халық қойған ықлас.
Шыныаяқ - түндігі жоқ үй дегенің,
Әр пенде рызықтанып ішпей ме ас.

Сапарғали:

Нұржаным, білдірейін сізге тағы,
Құс көрдім өзі жансыз бір аяғы.
Теңізде салған жолы сайрап жатыр.
Байыппен ойлап тапшы мұны-дағы.

Нұржан:

Сапеке, айтқаныңды қазір табам,
Жансыз құс бір аяқты мұның - қалам.
Теңіз мысал қағаз ғой, жолың - жазу,
Жұмбағың осыменен болсын тәмам.

Жүргізуші: Н.Наушабаев «Түлкі мен әтештің хикаясы», «Қасқыр мен Қозы», «Өгіз бен Есек» сияқты мысал өлеңдерінде адамның мінез-құлқы мен жамандық-жақсылық, әділдік жайын, замана жайын сипаттады. Крыловтан «Қасқыр мен Қозы» мысалы, Ы.Алтынсарин атындағы «Дарын» мектеп-интернатының 6-сынып оқушылары орындайды. Автор - Қасымхан Аяш, Қасқыр - Өтепов Дәурен, Қозы - Сағындықова Меруерт.

Экраннан: «Тоғыз назым» кітабы және қанатты сөздері көрсетіледі.

Асынсаң алмас қылыш - белдің көркі,
Ер жігіт жауға қорған - елдің көркі.

Ер бергендей досың болсын,
Жер бергендей қосың болсын.

Қарақұс баулығанмен бүркіт болмас,
Қара су сапырғанмен іркіт болмас.

Бас болмақ оңай,
Бастамақ қиын.
Қол бастамақ оңай,
Көш бастамақ қиын.

Автор:

Бұлаққа су ішуге келді Қозы,
Жанында серігі жоқ, жалғыз өзі.
Бөрі жоқ десең шығар бөрік астынан,
Пәлемен қарсыласпа, келсе кезі.

Қаңғырған тамақ іздеп бір аш бөрі
Қозыға жетіп келді жайнап көзі.
Жемекке кінә қойып сол арада
Жала қып, міне, Қасқыр айтқан сөзі:

Қасқыр:

Сен, Қозы, текке қарап жүре алмайсың,
Соқтықпа маған десем, тіл алмайсың,
Мойныңды қазір жұлып алайын ба,
Суымды неге былғап, лайлайсың?

Қозы:

Қасқыр, тақсыр,тоқта азырақ,
Тергенің кінәм болса әуел, бірақ,
Ізіңіз жатқан жерден төмен келіп,
Іштім ғой жүз қадамдай қашығырақ.

Бұл жерден кем болғанда бір жүз қадам,
Мүмкін бе лайлауға осы арадан?!
Сіз түгіл басқаға жоқ қиянатым,
Не шара, жеткен болса бүгін қазам?

Қасқыр:

Ол ендеше сен болмасаң, сенің ағаң,
Ойларың - мені жоймақ, келсе шамаң,
Қой болсын, қойшың болсын, қожаң болсын,
Жауыздық ойлайсыңдар бәрің маған.

Қозы:

Нансаңыз ағам да жоқ, інім де жоқ,
Яғни, нашарлықтан түрім де жоқ,
Нақақтан мені, тақсыр, күйдірмеңіз,
Жауыздық сізге ойлаған күнім де жоқ.

Қасқыр:

Тауыпсың жаман әдет қарсыласып,
Сенімен тұрамын ба мылжыңдасып,
Айтайын, білгің келсе, қозым, саған
Кінәң сол - жегім кеп тұр қарным ашып.

Автор:

Шошиды қозы, байғұс, құлқын танып,
Құтылар білгенменен мұнан нағып
Болған ба қозы жұмыс Қасекеңе,
Жөнелді иығына салып алып ...

Жүргізуші: Н.Наушабаевтың «Көкен-ай» әні. Орындайтын Манап Қадыров.

Жүргізуші:

... Қызыл тілім, шалқыма,
Ішке сақтап шірітпей,
Бір азырақ леп шығар.

Мирас қалсын халқыма, - деген өнердің өрен жүйрігі Нұржан Наушабаевтың артында шығармашылық мұрасы қалды. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосты. (Экраннан Н.Наушабаев зиратына қойылған ескерткіш белгі суреттері. Ұрпақтарының бірі Алматыдағы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіндегі Әл-Машани атындағы жаратылыстану-гуманитарлық институтының директоры, математика ғылымдарының докторы, профессор Отарбаев Жангелдінің мектеп алдындағы суреті). Ол кісінің өлеңдері, толғаулары мен назымдары ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, халық жадында қала бермек.

Осымен кешіміз аяқталды. Бүгінгі кешке келгендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз.

Жауапты редактор: Әкімбаева Үміт Бламбекқызы – Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры

Құрастырушылар:

Мұратбекова Бақытгүл Әлсейітқызы – ғылыми-әдістемелік жұмыстар бөлімінің әдіскері, Оташева Нәзима Қуанышбайқызы – тарихи-экспозициялық бөлімнің жетекші ғылыми қызметкері

Компьютерлік терілім: Мұратбекова Б. Ә. , Оташева Н. Қ.

3D Тур
3D Тур
int-map-ru
О противодействии терроризму
Антикоррупционный стандарт

Баннеры

Посещения

Сегодня1   Вчера80   За неделю314   За месяц1385   Всего167296  
2019, Костанайский областной историко-краеведческий музей
Использование материалов разрешается по согласованию с администрацией музея
Разработка и поддержка — «Иником»