Қапан Бадыров

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы

kapan badyrov

Қазақ сахнасының саңлағы. Қапан Бадыров(1904-2000)
Қостанай қ.,2009 ж.

Қапан Оралұлы Бадыров – Қазақ КСР-нің халық артисі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақтың кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, М.О. Әуезов атындағы Академиялық драма театры құрылғаннан бері сол театрдың актері болған.

Қапан Бадыров 1904 жылы Қостанай облысы Қарабалық ауданы Табын ауылында шаруа отбасында дүниеге келді. Ата-анасынан ерте айырылып, шаруаның ауыр еңбегінің тауқыметін жасынан біліп өсті. Ол атасы Бадырдың қолында тәрбиеленді. Ауыл мектебінде сауатын ашты.

Қ. Бадыровтың өнердегі тұңғыш қадамы Табын ауылындағы әуесқой жастар қойған Бейімбет Майлиннің «Бетім-ау, құдағи!» комедиясында Айқын деген қалыңдықтың рөлін ойнаудан басталады. Ауылдық мектеп іргесінен тұтанған осы бір өнерге деген құштарлық жас Қапанның келешегіне түрткі болғандай. Ізінше 1922 жылы Қ.Бадыров сол уақыттағы республика орталығы болған Орынбор қаласындағы Қазақ халық ағарту институтына оқуға түседі. Осында өзінің болашақ сахналық әріптестері: Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, ақын Иса Байзақовтармен танысып, «Шығыс кештерін» бірге өткізді. Орталық жастар клубының (оны «Кіндік клуб» деп те атаған) жұмысына араласып,көркемөнер үйірмелері қойған спектакльдерге, сауық-кештеріне қатысады.

Орынбор кезеңі Қ.Бадыровтың білім, өнерімен бірге азаматтық тұлғасының, әлеуметтік көзқарасының қалыптасуына ерекше ықпал жасаған орта. Ол институт қабырғасында халқымыздың мақтанышы Ахмет Байтұрсыновты көріп, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ алды. «Орталық клуб» сахнасында бір жағынан спектакльдерде ойнап, тәжірибе жинақтаса, екінші жағынан Сәкен Сейфуллиннің әдебиет жайындағы дәрісін тыңдап, рухани әлемін кеңейте түсті. М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгеровтің пьесаларында ойнап, сахналық өнерге де төселе береді. 1925 жылы Қызылорда қаласында алғашқы Қазақтың Мемлекеттік ұлттық театры ұйымдастырылғанда алғашқы актерлердің бірі болып, Қ.Бадыров та қабылданды.

1928 жылы театр Алматы қаласына көшіріледі. Қазақ драма театрының бас режиссері А.Мәмбетов былай деген: «Қапан Оралұлы қазақ театр өнерінің алғашқы пионерлерінің бірі болып саналады. Ол алғашқылардың бірі болып, республикамыздағы ұлттық театрдың негізін қалаушы. Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышпаев және т.б. сахна шеберлерімен бірге ол жаңа театр құрды. Олар халық арасынан шыққан табиғи талант иелері».

1

Театр негізін қалаушылар солдан оңға қарай: Қ.Бадыров, Қ.Қуанышпаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов театр ауласында.1964 ж.

Қапан Бадыров тума талант актерлердің қатарына жатады. Ол Науан Хазірет, Аленин, Сапа, Жанас, Намыс-ұлы, Абыз, Шыңғыс сұлтан, Муравьев, Рокотов, Отелло, Абайдың бейнелерін жасады. Қ.Бадыров режиссер ұсынған концепция мен сілтеген сахналық ізге бірден түсіп кетпей, пікір жарыстырып, кейіпкер бейнесіне өз түсінігін, өзінің бейнелеу тәсілін ұсынып, тұтас қойылымға да шығармашылық ой-тұжырымымен араласып отыратын актер. Рөл үстінде сан қилы ізденіске барып, қойылатын пьесаның көркемдік ерекшеліктеріне көзін жеткізу – Қ.Бадыровтың шығармашылық ерекшелігінің бірі. Қ.Бадыровтың сахналық өмірінің бүкіл жүйесіне назар аударған уақытта халқымыздың ұлттық ерекшеліктерін әртүрлі қырынан жеткізген өнерпаз екенін аңғаруға болады. Ол қандай характердің болмысына енбесін, өз уақытының құбылысын қапысыз сезініп, көкейкесті талаптарын жүйрік оймен болжай алды. Оның бұл ерекшеліктерін бүкіл Одаққа есімдері белгілі өнер қайраткерлері Ю.А.Завадский, Г.Л.Рошаль, В.П.Строева және тағы басқалар жоғары бағалады. Ал бұл жылы лебіздердің астарында актер Қапан Бадыровтың ерен жаратылысы, жарқын да терең парасаттылығы жатыр.

2

Пьесаны талқылауда. Солдан оңға қарай: Қ.Қармысов, Г.А.Товстоногов, Қ.Бадыров. 1946 ж.

Оның Шекспир трагедиясындағы Отелло рөлін ойнауының өзі зор құбылыс еді. Бұл бағытта Қапекең зор зерттеу жұмысын жүргізіп, шарқ ұра ізденді. Ол Мәскеу, Ленинград (Санкт-Петербург) және басқа қалаларда қойылған спектакльдерді көріп, Отелло рөлін ойнаған әйгілі сахна шеберлерімен, қоюшы-режиссерлермен кездесіп, пікір алысты.

Ұлы Отан соғысындағы өшпес ерлік пен қаһармандықты жырлайтын М.Әуезов пен Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясы» спектаклінің кейіпкерлері тарихта белгілі ұлттың аяулы перзенттері, солардың ішінде аты әлемге әйгілі халықтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының бейнесі. Бұл да сахна саңлағының бір белесі болғандай.

Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповтің 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты суреттейтін «Амангелді» қойылымында (1952 ж.) Амангелді рөліне байланысты туған пікір-таластың түйінін Қ.Бадыров өзіндік қолтаңбамен дара шешеді. Онда Амангелдіні қарапайым, шала сауатты, психологиялық һәм тұрмыс-салттық шындық шеңберінде ойнау керек десе, қарама-қарсы жағы халықтық ескерткіш үлгісіндегі патетикаға жеткізуді көздеген. Қ.Бадыровтың пайымдауында Амангелді көп қырлы бейне болып суреттелген. Бұнда елдің басына түскен хал-ахуалды нәзік түсінетін көтеріліс көсеміне тән эпикалық көтеріңкілік, психологиялық толғаныс сахналық бейненің тарихи тұғырын дұрыс танудан туған.

3

Ғ.Мүсірепов. «Амангелді».
Амангелді – Қ.Бадыров, Мұңайтпас – Е.Өмірзақов.
1952 ж.

1950-1960 жылдары қойылған тарихи-революциялық және аударма пьесалардың негізінде қойылған спектакльдерде Қ.Бадыров қосқан үлес мол.

М.Әуезовтің романы бойынша қойылған «Абай» спектаклінде Қ.Бадыров ұлы ақынның асқақ бейнесін жасап, театрдағы тамаша табысқа жетіп, арман аясын кеңітті. Оны меңгеруге М.Әуезовтің көмегі тигенін актер үнемі айтып отыратын. Қ.Бадыров бұнда да ересен еңбекқорлықпен Абай әлемін танып білуге мол дайындықпен келген. Ол ақынның сыртқы кескінін беруге аса мән бермегенімен, оның салмақты да сабырлы қимыл-қозғалысы, астарлап айтатын мазмұнды сөзі, ойлы көзқарасы бәрі де ұлы тұлғаның бойынан жарасымды көрінеді. Абай бейнесі жоғары бағаланып, спектакльге қатысқан басқа орындаушылармен бірге Қ.Бадыровқа да Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағы берілгені көп жайды аңғартады.

4

М.Әуезов Бадыровтың театрдағы өнеріне сүйсініп, үнемі назар аударып, ақыл-кеңес беріп отырған. «Қазақ сахнасындағы аударма пьесалар» атты мақаласында мұндай «пьесалардың ірі образдарын жақсы ғып ойнап шығу арқылы біздің бүгінгі бірнеше ірі актеріміз үлкен сыннан өткендей боп, тәжірибе көріп, ірі табыс тапқаны бар» деп, солардың қатарында Бадыровты атаған. «Абай» романының 1-томы шыққанда: «Үлкен-үлкен сындарда өнімі мен өнері көп. Бергені бекем болса да, әлі талай берері көп, сенімді күш иесі, ойлы, жақсы Қапанға шын көңілмен» деп жазса, 2-томы шыққанда: «Қадірлі Қапанға! Көп жылдық көп еңбекті бірге кешкендік белгісіне» деген қолтаңба түсіріп, сыйға тартан.

5

Абай – Қапан Бадыров
(М.Әуезовтің романы бойынша) 1949 ж.

Кейінгі жылдарында Қ.Бадыров С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллинінде» Бөкейханов, «Шоқан Уәлихановында» Шыңғыс, З.Ақышевтың «Жаяу Мұсасында» Шорманов, З.Шашкиннің «Замана осылай басталдысында» атаман Малышев т.б. толып жатқан рөлдер ойнап, өмір мен өнер өнегесін көрсетті. Ал Қ.Бадыров жасаған түрлі бейнелердің өзі бір төбе. Осылардың бәріне оның кинода ойнаған жиырма шақты әр саладағы рөлдерін қоссақ, өнер үшін жаралған жанның шығармашылық шабыт, қайрат-қажыры таңдандырады.

Қ.Бадыров – сахна шеберлерінің арасында қолына қалам алып, өзін толғантқан театр мәселелерін үнемі жазып келген автор. Газеттер мен журналдарда оның актерлер мен драматургтердің шығармашылығын талдаған 120-дан астам мақаласы басылды.

6

Театрға 70 жыл. Сол жақтан төртінші – Қ.Бадыров.

Ал 1974 жылы Қ. Бадыров “Өткендер мен өткелдер”, 1981 жылы “Естен кетпес есімдер” және 1987 жылы “Театр – менің тағдырым” атты кітаптарын жарыққа шығарды. Қ.Бадыров өзінің сүйікті театры туралы деректер мен құжаттарды ұқыптылықпен көзінің қарашығындай сақтап келген. «Қазақ театрының тарихын» жазу тұсында театртанушыларға ол кісінің тигізген қолқабысы орасан. Ол шежіреші де.

1969 жылы ұлы суреткер Қапан Бадыров туралы Н. Шәукенбаеваның ғылыми монографиясы (кандидаттық диссертация) жарық көрді. Бұл Қапан Бадыровтың Қазақстанның театр өнеріне қосқан үлесінің маңыздылығын білдіреді.

Қ.Бадыров өнердегі қажырлы еңбегі үшін екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Халықтар Достығы» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

7 8 9

Қ.Бадыровтың сахналық белдігі.1960-шы жылдар.

Қапан Бадыров отбасында да өнегелі әке болды. Өмірлік серігі Степанова Анна Герасимовна театралдық училищеде сабақ берген. Жақсы тәрбиеде ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді.

10

Қ.Бадыровтың отбасы: Анна Герасимовна, қызы Алина,
ұлдары Олег және Владлен. Алматы, 1958 ж.

Үш баласы да Әміре Қашаубаев атындағы музыка мектебін бітірген. Қызы Алина КазМУ-ді бітірген, Ленинградта (Санкт-Петербургте) аспирантурада оқыған, кандидаттық диссертация қорғаған, доцент, медицина институтында бірнеше жыл сабақ берген. Ұлы Олег Ленинградтағы Политехникалық институтты, кіші ұлы Владлен Москвадағы Архитектура институтын бітіріп, бәрі де өз қызметтерінде істеген. Өмірден өз жолдарын тапқан.

Қазақ өнері қара шаңырағының ірге тасын қаласқан, ұзақ ғұмырын театрдың өсу, қалыптасу, шарықтау кезеңдеріне арнаған, бүгінгі таңның көрерменіне көптеген көркемдік олжаларды сыйлаған тарлан талант иесі Қапан Бадыров 2000 жылы 96 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Алматы қаласында жерленген.

11

Қазақстанның Халық артисі
Қ.Бадыровтың зираты. Алматы қ.

Қапан Бадыровтың өнері қажырлы еңбектің, іркіліссіз ізденістің жемісі. Оның шығармашылық жолы – бүгінгі актерлерге үлкен шеберлік мектебі. Оның қайталанбас өнері ұлттық мәдениетімізде осы бір өзгеше мазмұндылығымен қымбат.

Қапан Оралұлы Бадыровтың 100 жылдық мерейтойы Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында да кеңінен аталып өтті. Мұражай қорындағы Қ.Бадыровтың жеке жиынтығынан көрме ұйымдастырылып, шығармашылық жолы туралы баяндама оқылды. Іс-шараға Қ.Бадыровтың ұрпағы (жиені) Орынтай Ғалымұлы Бадыров, мәдениет қызметкерлері және мектеп оқушылары қатысты.

12

Халық артисі Қ.Бадыровтың 100 жылдығына
арналған көрменің ашылу сәті.

Қапан Бадыров өзінің жетпіс жылдық актерлік ғұмырында 200-ге жуық рольдерде ойнап, алуан бейнелер жасап, қазақтың халық өнері топырағынан тамыр тартып, үздік үлгідегі шеберліктің шырқау биігіне көтерілген. Бұл биікке ол табиғи талантымен бірге тынымсыз ізденіс, жалықпай оқып, үйрену арқылы жетті. Қ.Бадыровтың өнегесі мен тәжірибесі – ұлттық театр үшін қайталанбас мектеп.

Қ.Бадыров сомдаған тұлғалар көрерменнің жадында өшпестей сақталып қалды. Өнер алыбы қазақ халқының әрқашан мақтанышы болып қалады.

Шығарылымға жауапты: Ү.Б.Әкімбаева, мұражай директоры.
Құрастырған және компьютерде терген: Б.Мұратбекова, ғылыми-әдістемелік жұмыстар бөлімінің әдіскері.
Фото – Миловатский Г.В.

3D Тур
3D Тур
int-map-ru
О противодействии терроризму
Антикоррупционный стандарт

Баннеры

Посещения

Сегодня70   Вчера44   За неделю487   За месяц1558   Всего167469  
2019, Костанайский областной историко-краеведческий музей
Использование материалов разрешается по согласованию с администрацией музея
Разработка и поддержка — «Иником»