Әбілахат Смағұлұлы Еспаев (1925-1980)

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында қазақтың көрнекті композиторы Әбілахат Еспаев туралы материалдар жинақталған. Оның «Аққуым» (1975 ж.), «Ұстазым менің, ұстазым» (2008 ж.) әндер жинақтары, нота дәптерлері, «Ұстазым менің, ұстазым» ән таспасы, фотосуреттері бар. «Қостанай жерінің мақтаныштары» залында мұражай экспозициясына жерлесіміз, танымал композитор туралы жәдігерлер қойылған. Композитор Әбілахат Еспаевтың ән мұрасы қазақ өнерінің алтын қорына енген.

Әбілахат Смағұлұлы Еспаев 1925 жылы 25 қазанда Қостанай қаласында дүниеге келген. Әкесі Әбілахаттың алты жасында қазіргі Жамбыл облысының Меркі ауданына, артынан Шу ауданының «Алға» артеліне қоныс аударыпты. Болашақ композитор ең алғашқы кең тараған «Туған ел» әнін мектеп қабырғасында, 17 жасында, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Сапақовтың өлеңіне жазған. 1942 жылы 17 жасында өз еркімен майданға сұранып аттанады. Днепр шайқасында жарақат та алған. Табиғатынан зерек, білімге құштар жігітті Могилев қаласындағы жоғары әскери училищеге оқуға жібереді. Оны 1945 жылы үздік бітіріп шығады. Кейіннен «Днепро туралы жыр» (С.Мәуленовтікі) атты ән жазған.

1948 жылы әскерден оралған жас офицер мектепте мұғалімдік қызмет атқарады. 1951 жылы Алматы консерваториясының (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) композиторлық факультетіне оқуға түседі. 1953 жылдан Қазақ радиосында музыкалық редактор болды. Ә.Еспаев, негізінен, ән жанрында (ән, романс, хор, баллада) шығармалар жазды.

ХХ ғасырдың 50-70-жылдары отандық музыка өнерінің небір қарқындай дамып шарықтаған кезі болды десек, ән жанрында өндірте, жемісті еңбек еткен Әбілахаттың орны ерекше еді. Оның «Аққуым» (Ж.Молдағалиев), «Ақ сәуле» (Қ.Аманжоловтікі), «Маржан қыз» (С.Адамбеков), «Қазақ частушкасы» (М.Әлімбаев), «Шофер келді қырманға» (Т.Ысмайылов), «Қыз қуу» (Қ.Сатыбалдин), «Бейбітшілік сақталады» (Н.Шәкенов), «Республика туралы жыр» (І.Мәмбетов), «Торғай толғауы», «Жангелдин отрядының әні» (Ғ.Қайырбеков), «Солдат сәлемі» (Н.Шәкенов), «Толқиды Тобыл» (С.Тұрғынбеков), «Сағыныш екен бала кез» (О.Әубәкіров), «Өзің де жігіт, қызықсың» (М.Әлімбаев), «Қыз әзілі» (Қ.Шаңғытбаев), «Жігіт жауабы» (Ә.Жәмішев), «Ұстазым менің, ұстазым» (А.Шамкенов), «Қайдасыңдар, достарым» (Қ.Ыдырысов), «Орамал» (Ғ.Орманов), т.б. әндері халыққа кең тараған.

Ә.Еспаев - 240-қа жуық әндер мен романстардың авторы, 8 спектакльге музыка жазған. Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі”, С.Адамбековтің «Күн мен көлеңке”, Ә.Тәжібаевтың «Той боларда” спектакльдеріне және И.Байзақовтың «Ақбөпе” поэмасы бойынша радиоқойылымға музыка жазды. 1973 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ән байқауында Ж.Жабаевтың сөзіне жазылған «Одағым – бақыт ордасы” атты әні үшін жүлделі екінші орынды иеленді.

«Ақсәуле» (1967 ж.), «Ортеке» (1969 ж.), «Аққуым» (1975 ж.), «Ұстазым менің, ұстазым» (2008 ж.) т. б. ән жинақтары шыққан.

Әбілахат Еспаев 1980 жылы 30 сәуірде дүниеден өтті.

3D Тур
int-map-kz
О противодействии терроризму
Cыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты

Баннеры

Есебі

Бүгін1   Кеше25   Бір аптаның ішінде1   Айында1315   Барлығы147943  
2018, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы
Материалдарды мұражайға сілтеме жасағанда ғана қолдануға рұқсат етіледі
Сайтты жасау — «Иником» веб-агенттігі